Балқаш көліне саяхат

OutdoorKZ командасы Балқаш көлінің бойын жағалап, бірнеше экспедиция өткізуді жоспарлап отыр. Түсірілім тобы катермен, көлікпен, ал кейбір жерлерде жаяу да жүретін болады. Олардың алдынан небір шытырман оқиғалар, дауылдар және түз тағыларымен кездесулер күтіп тұр.

Олар ғалымдармен танысып, өрт сөндіруге қатысады. «Іле-Балқаш» табиғи резерваты қызметкерлерінің тоғай бұғысы – Хангүлді жабайы ортаға жіберген сәтіне куә болып, жұмбағы мол Қоржын шатқалына бармақ.

Балқаш көлі әлемдегі ең ірі көлдердің арасында төртінші орында тұр. Ал Еуразия құрлығы бойынша, Каспий теңізінен ғана қалып кетеді. Көлдің суы батыс бөлігінде – тұщы, шығысында – ащы. Екеуін Ұзынарал деп аталатын жіңішке бұғаз бөліп жатыр. Ол жерде үнемі дауыл соғып тұрады.    

Оңтүстік жақтан Балқашқа Жетісудің жеті өзені келіп құяды. Ал солтүстік жағалауы Ұлы дала - «Сарыарқамен» шектесіп жатыр.