
«Байланыс аясынан тыс жерде» реалити-шоуы
Реалити-шоуға өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, көрерменге қызықты, актер, блогер, жайдарманшы, әнші, модельер жастардан құралған, өзінің мінез-құлқымен, болмысымен ерекшеленген 12 адам (6 жігіт, 6 қыз) үлкен кастинг арқылы таңдалып алынады. Олардың барлығы – кең далада, жусан иісін сезінгісі келетін, киіз үйде тұрып көруді армандайтын, бастысы реалити-шоудың қызығы мен қиындығына төтеп беруге бел буған қыз-жігіттер.
Қатысушылар екі команда болып жасақталады. Олар бағдарлама бойы киіз үйде тұрып, ауыл тіршілігінің қиындығын бастарынан кешіреді. Бағдарлама шартына сәйкес, ұялы телефондары мен гаджеттерін қолдануларына болмайды. Сондай-ақ бағдарлама барысында суық суға жуынуына, шайды самаурынға қайнатуына, ас-суларын жердегі қазан-ошаққа әзірлеуіне тура келеді. Мұның бәрі қаланың «салқын үй, салулы төсегіне» үйреніп қалған қатысушылардың шыдамдылығын сынайтын үлкен сынақ болмақ.