Қазақтың көне ыдысы – ағаш астау

Астау – ағаштан жасалынатын қазақтың көне ыдыс - аяқ түрі. Басты тағам етті тартуға арналған. Көшпенді халқымыздың көне заман құндылығы бүгінгі кезде де үлкен сұранысқа ие. Тойлар мен үлкен жиындарда, мейрамханаларда тағам осы астаумен ұсынылады. Оған қоса қазақтың әр шаңырағынан табылады десек, артық айтпағанымыз.

Астау жасау цехын Данабек Рысбеков пен Ардақ Беріков бірігіп ашқан. Бастапқыда ағаштан жасалынатын өзге де ұлттық ыдыс-аяқтарды жасаймыз деп жоспарлаған болатын. Алайда астаудың өзіне деген сұраныстың көптігі соншалық шеберхана қазір негізінен осы ыдыс-аяқ түрін шығарумен шұғылданады. Тарихын тереңдетіп зерттеп, тұтынушыларға түр-түрін ұсынуда.