Дәстүрлі Абай оқулары басталды

Қазақстанда дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы басталды. Ұлы ақын, дана ойшылдың шығармашылығына арналған әдеби бәйге биыл 30 тамызға дейін жалғасады. Бұл жолы да онлайн формат. Осы арқылы қатысушылардың санын арттырумен қатар географиясын кеңейту көзделіп отыр.

Әдеттегідей үміткерлер Абайдың кез келген өлеңін мәнерлеп оқыған сәтін бейнеге түсіруі керек. Жұмыстарды былтырғыдай Елбасы кітапханасының ресми сайтымен қатар арнайы хэштегтермен әлеуметтік желілерге жүктеуге болады. Шараға осы жолы оқушылармен бірге ересек қатысушыларды тарту жоспарланған.

Еске салайық, қазақ классикалық жазба әдебиетінің негізін қалаушы – Абай Құнанбайұлының тағылымды шығармашылығына арналған байқау осымен 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жеңімпаздарға басты жүлде ұлы  ақынның 175 жылдығына арнайы шығарылған кітап табысталмақ. 

Ботагөз Қайыпова, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

- Басты көздегеніміз – тек қана Абайдың шығармашылығы мен өнерін бағалайтын отандық және шетелдік қатысушылардың басын қосу, сонымен қатар кітап арқылы Абайдың шығармашылығын сезіндіру. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ақтық сынға 200-ден астам қатысушы өтті. Олардың әрбірі өзінше Абай шығармашылығының мән-маңызын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде проза мен поэзияны оқу арқылы жеткізе білді.