Қылмыстық істер электрондық форматта тергеледі

Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы болып қылмыстық істерді электрондық форматта тергеуге көшіп жатыр. Қазірдің өзінде бұл форматта жұмыстың 70% жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін толығымен көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, осы форматты енгізу арқылы тергеу мерзімі айтарлықтай қысқарып, азаматтардың конституциялық құқықтарын бақылау және қорғау деңгейі артпақ.

Жалпы еліміздің бас полицейінің мәліметінше, Қазақстанда қылмыстың айтарлықтай төмендегені байқалады. Биыл жасөспірімдер арасында қылмыс аз тіркелген, сонымен қатар мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар саны азайған. Жағдайға «Жұртқа жақын полиция» жоспары да оң әсер етеді деп күтілуде.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жұртқа жақын полиция» жоспары іске асырылуда. Осы жұмыс аясында тұрғын үй айналасында, саябақтарда және скверлерде жаяу патрульдің саны көбейтілуде. Қалалардың аса криминогендік учаскелерінде заманауи полицияның модульдік бекеттері орнатылуда. Сол бекеттерде азаматтарды тәулік бойы қабылдап, қызмет атқару үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ «полицияны шақырту» дабыл жүйесі орнатылған. Арызданып келген азамат тікелей кезекші бөлімге хабарласа алады.

Бұдан басқа, Ішкі істер министрлігінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жаңа шара пысықталуда. Соның ішінде Татарстанда болған қайғылы оқиғадан кейін оқушылар мен қызметкерлер арасында өрт, жер сілкінісі, су тасқыны, террорлық шабуылдар сияқты төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимылдарға арнайы дайындық өткізу жоспарланып отыр.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Еліміздегі барлық мектеп тексеріліп жатыр. Бірқатар кемшілік анықталды. Мектептер 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықталғанына қарамастан, олардың жартысына жуығы белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді. Мектептердің тек үштен бірінен астамы шұғыл дабыл жүйелерімен жабдықталған, 8% ғана дабыл қағу түймесімен жабдықталған, кіргізіп-шығаруды бақылау 5%, турникеттермен тек 4% және металл детекторлармен 1% жабдықталған. Сонымен қатар мектептердің тек 6% күзет ұйымдарымен келісімшарт жасасқан.