National Geographic фотосуретшісі балаларға шеберлік дәрісін өткізді

«National Geographic» журналының белгілі фотосуретшісі Гердт Людвиг қазақстандық оқушыларға суретке түсірудің қыр-сырын үйретіп жүр. Еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінен іріктеліп алынған 40-тан астам оқушы үшін әрбір сабақ қатемен жұмыс істеуден басталады. Бұл жолы жас фотографтар жетекшілерімен бірге үй тапсырмасы ретінде берілген табиғат суреттерін егжей-тегжей талқылауда. Осылайша, шеберліктерін шыңдай түспек.

Диана Бекішева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Негізінде осы «фотокомп» арқылы біз жаңа терминдерді, жаңа құбылыстарды үйрене бастадық. Себебі біз тек қана Қазақстандық емес тағы да шетелдік мамандардың арқасында фото өнерін жаңа қырынан қарай бастадық. Мысалы, Герд Людвиг деген шетелдік маман ол бізге экспозиция, диафрагма, задержка деген  терминдерді көрсете отырып, оны практикада  қолдануды үйрете бастады.

«Әр суретте бір жұмбақ болуы керек», – дейді Гердт Людвиг. «National Geographic» журналының фотошебері жарты ғасыр бойы әлем елдерін аралап келеді. Өзінің барлық білімін өскелең ұрпаққа беруге дайын.

Гердт Людвиг, «National Geographic» журналының фотосуретшісі:

- Тек өзіне сенімді адам өзінің білімін, тіпті кейде сүйікті ісінің құпияларын басқалармен бөлісуге дайын. Бұл балалардың барлығы дарынды. Олардың фотоөнердегі алғашқы қадамдары  да сәтті. Көздерінен ұшқын көремін, бәрі суретке түсіргенді ұнатады. Енді олардың міндеті – өз ісінде үздік болу. Олардың қолынан келері анық.

Курс аяқталғаннан кейін оқушылар өздерінің оқу орындарында фотоөнер клубтарын ашуды жоспарлап отыр. Көрген білгендерін, көкейге түйгендерін басқаларға да үйретуге ниетті.