Венгрия Қазақстанға не ұсына алады?

Энергия үнемдеу  құралдарын заманауи құрылыста пайдалану – танымал ғана емес қоршаған ортаға қажет шара. Олар бюджет шығындарын үнемдеумен қатар үлкен қалалардағы экожүйені сақтап қалуға ықпал етеді. Венгрияда мұндай инновациялық шешімдер жол құрылысы, ғимараттардың қасбеті мен ландшафтын жобалау және  жүзеге асыруда көп пайдаланылады. Солардың бірі – күндіз күннен қуат алып, қас қарайғаннан кейін түрлі түске боялатын неонды қабырғалар, автожолдарға арналған түрлі жарықтар. Бұл новаторлық өнімдерді елордада өткен көрмеде венгрлік үш компания көпшілік назарына ұсынды. Олар Қазақстанда бизнес әріптес тауып, құрылыс саласындағы жаңа идеяларымен бөлісуге әзір.

Аттила Пирош, Құрылыс материалын өндіретін компанияның бас директоры /Венгрия/:

- Сіздердің  бас қалаларыңыздың үздіксіз дамып жатқанын, сонымен қатар жасыл технологиялардың сұраныста екенін ескере отырып, біз Қазақстанға өзіміздің жақсы нәтиже көрсеткен инновацияларымызды ұсынып отырмыз. Мәселен ғимараттардың сыртына қапталатын   материалдарымызды пайдалану арқылы энергия шығынын әлдеқайда төмендетуге болады. Яғни күн энергиясы жұмсалады. Осылайша қала сәулетіне жаңа бейне сыйлай отырып, қоршаған ортаға пайдалы   іс атқаруға болады.