Қазақстандық курортта демалу үшін қанша қаржы керек

Қазақстандықтар ел ішіндегі жағажай демалысын жиі таңдай бастады. Қуанышқа орай, таңдау айтарлықтай үлкен. Кез келген талғам мен бюджетке сәйкесі табылады. Алакөл курорттарында биыл туристер ағынының айтарлықтай артуы күтілуде. Сол себепті жазғы маусымда курортқа дейін жүретін көлік саны көбейеді.

Марат Қабақов, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Пойыз вагондарының саны көбейтілді, Өскемен мен Семейден, сонымен қоса Нұр-Сұлтан, Алматыдан шығатын пойыз вагондарының саны көбейтілді. Алматыдан  қосымша тағы бір пойыз жіберілетін болды. Автобустар саны екі есе көбейтілді.

Қазақстандықтардың сүйікті орындарының қатарында Павлодар облысындағы Маралды тұзды көлі де бар. Жыл сайын жергілікті курортқа 60 мыңнан астам турист келеді. Туристік сала мамандары бұл көрсеткіштің өсіп отыратынына сенімді. Мұнда демалыс аймақтарының инфрақұрылымын жақсартуды қолға алып, болашақта туристерді «All inclusive» тұжырымдамасымен тарту  жоспарланып отыр.

Гүлмира Отарғалиева, инвестор:

- Біз болашақта жағажайды аймақтарға бөлу принципін ұстануға ниеттіміз, яғни әр аймаққа кіретін қызметтер спектрін сәл кеңейтеміз. 2023 жылға қарай толыққанды VIP-аймақ жасауды жоспарлап отырмыз, ал біздің арманымыз – «барлығы бар» аймағын жасау.

Каспий де туристердің келуіне дайындалу үстінде. Мұнда қонақтарды дайвинг және суасты аңдарын аулаумен тартуға ниетті. Бұл жерде құмды жағажайлардан басқа, емдік балшықтары бар көптеген минералды қайнар бұлақ та кездеседі.

Гүлсім Жариева, облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Қонақүйлерге келе беруге болады. Ақтау қаласының «жылы жағажай» аумағында көптеген нысан салынып жатыр. 2021-2024 жылдар аралығында 12 жобаны іске қосу жоспарланған.

Мамандардың есептеуінше, Алакөл жағалауында бір апталық демалыс жүз мыңға жуық теңгені құрайды. Бурабай курортының қонақүйлерінде жеті күндік тұру құны 150 мың теңгеден, ал Ақтауда екі жүз мың теңгеден басталады.

Қазақстан курорттарындағы бір апталық демалыс 

Демалыс орны    Құны                      Ұшақ       Пойыз      Көлік

Алакөл               100 мың.                   ✔           ✔             ✔

Бурабай             150 мың.                                 ✔             ✔

Ақтау                  200 мың.                   ✔          ✔               ✔