Балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті

Жауапсыздықтың соңы – жазатайым жағдай. Қазақстанда жаз мезгілінің басталуымен балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп кетті. Елордада бірнеше айдың ішінде мамандар 4 қайғылы оқиғаны тіркеді. Олардың екеуі соңғы екі аптада орын алды.

Нэлля Дощанова, Нұр-Сұлтан қ. Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Мұндай жағдай басқа жерде, басқа қалада болады. Ондай жағымсыз ақпаратты тек теледидардан көрсетеді деп ешқашан ойламаңыздар. Кез келген уақытта, кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Яғни ата-аналар үйде болған күннің өзінде, бірнеше секундтың ішінде болуы мүмкін. Бізде түрлі жағдайлар болған. Тіпті ата-аналар өздері іс жүзінде балаларына терезенің қауіпті екенін көрсетеміз деп, оны терезенің алдына отырғызып қойған. Сол екі арада бала терезеден құлап, өліп кеткен де жағдайлар болды.

Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің мәліметінше, жазатайым оқиғалардың көбі өткен жылы болған. Оқыс оқиғалардың саны 28-ге жетіп, көпқабатты үйлерден құлаған алты бала көз жұмды. Өз кезегінде тәртіп сақшылары қауіп туралы ескертеді және қауіпсіздік шараларына аса мән беруге шақырады. Қорғанысқа келер болсақ, блокираторлар мен металл торлар сенімді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, металл торлар ең қауіпсіз түрі саналады.

Авторы: Ақзер Сегізбай