Арал экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағына айналмақ

Арал маңы экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы атанбақ. Қарарды бірауыздан БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдады. Оның аясында Арал маңы аймағында экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған аймақтық іс-шаралар мен бастамаларға қолдау табылады. Бұл бастаманы Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Түркменстан елдерімен бірге 50-ден астам мемлекет қолдаған.

Арал кезінде көлемі жағынан 4-орында тұрған жабық теңіз болған. Қазіргі кезде құрғап, шағын су қоймаға айналды. Көптеген балық тұқымдары, сондай-ақ аймақта мекендеген жабайы жануарлар – Тұран жолбарысы, гепард, аққулар, фламинго, ақ тырна жоғалып кеткен.

Қазіргі таңда Аралдың жалаңаштанған бөлігінде аумағы 5,5 млн гектардан астам тұз шөлі пайда болды. Мұнда шаң соғып, атмосфераға шаң мен улы тұзды таратып, өсімдіктердің өсуіне кедергі келтіріп отырады. Экологиялық апат миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығына әсер етті. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, көмекей және өңеш обырының, сондай-ақ респираторлық, көз және өзге аурулар  көбейіп кеткен. Арал теңізі бұрынғы қалпына келе алмайды, бірақ жергілікті тұрғындарға қорғаныс және көмек қажет.