Ұлттық банкте цифрлық теңге әзірленуде

Қазақстан Ұлттық банкінде цифрлық теңге әзірленуде. Алайда олар үйреншікті қолма-қол ақшаларды алмастыра алмайды.  Яғни екеуі қатар пайдаланылатын болады.

Жаңа төлем механизмін енгізу схемасы әлі талқыланып жатыр. Егер қаржы реттеуші жобаны іске асырса, онда цифрлық теңге ақшаның бір түрі ретінде болады. Тіпті қалаған уақытта оны қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ұлттық валютаның жаңа түрі кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін де қолжетімді болады. Мамандардың айтуынша, цифрлық теңге арқылы кез келген төлемдер мен есептеулерді интернетке қосылмай жүргізуге болады. Цифрлық теңгені айналымға енгізу құқығына тек Ұлттық банк ие. Қаржы реттеушілері жобаны криптовалютамен шатастырмауды сұрайды. Ұқсас технологиялық тәсілдерге қарамастан, ұлттық валютаның жаңа нысанын төлем жүйелерінің бұл түріне  жатқызуға болмайды.