Қазақстанда интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы пайда болады

Қазақстан жолдарында орнатылатын жаңа технологиялар жол қозғалысының барлық қатысушысы үшін жайлылық пен қауіпсіздікті арттырады және ең бастысы, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Жақында елімізде баламалы жол белгілері, проекциялық және интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы, сондай-ақ интерактивті жол белгілері пайда болады. Бұл туралы брифингте Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз мәлімдеді. Оның айтуынша, ІІМ ведомствоаралық семинар-кеңес өткізіп, онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Нұрділдә Ораз, Ішкі істер министрінің кеңесшісі:

- Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ мамандары шетелдік тәжірибені зерттеп, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Озық технологиялар шынайы жағдайда тестілеуден өтіп, қазақстандық жолдардың ерекшеліктеріне бейімделетін болады. Онда проекциялық және интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы, балама жол белгілері, соның ішінде көлемді 3D формат, интерактивті жол белгілері және басқалары бар.

Авторы: Ақзер Сегізбай