Қасиетті Рамазан айы: Қадір түні 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні өтеді

Қазақстанда мұсылман әлемінің басқа да көптеген елімен бірдей қасиетті Рамазан айы басталды. Міне, екінші жыл қатарынан оны мерекелеуге коронавирус індеті өз түзетулері мен өзгерістерін енгізуде. Десек те биылғы жағдай 2020 жылға қарағанда әлдеқайда жақсырақ. «Жасыл» аймақтағы республика өңірлеріне тіпті санитарлық нормаларды сақтай отырып мешіттердің жұмысына рұқсат етілген. Алайда еліміздің ең ірі екі мегаполисі Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы шаһары туралы бұлай дей алмаймыз. Қазіргі таңда аталмыш екі қала әлі де «қызыл» аймақта. Сондықтан ережелер де жағдайға сай әлдеқайда қатал.

Смайл Зейітбек, ҚМДБ Діни білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы:

- Барлық азаматқа, мұсылман қауымына біздің айтарымыз: қай жерде болмасын, бірінші кезекте санитарлық талаптарды сақтау! Екіншіден, мешітке келген жағдайда, мейлі ол намаз оқу үшін, мейлі пітір садақасын беріп, құран оқыту үшін келетін болса да, санитарлық талаптарды, әр аймаққа сай бекітілген ережелерді сақтауды сұраймыз. Өйткені тек жеке басымызға ғана емес, өзгеге де зиянымызды тигізбеуіміз керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы вакцинаға қатысты туындаған сауалдарға да түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, ауыз бекіту кезінде екпе салуға рұқсат етіледі.

Сәуір айында ораза ұстау жаз мезгіліне қарағанда әлдеқайда жеңіл екенін атап өткен жөн. Мысалы, ауыз бекітетін уақыт таңғы 04:30-да. Өз кезегінде диетолог мамандар дәл сол уақытты өткізіп алмауға кеңес береді.

Ерлан Манатаев, ҚР Денсаулық елшісі:

- Әрине, дұрыс, пайдалы әрі тойымды тамақтану керек. Таңертеңгі ауыз бекіту немесе оны «сухур» деп атайды – оның адам ағзасында ролі өте маңызды. Ауыз бекіту кезінде тамақ көмірсулардан тұрғаны жақсы. Мысалы, оған көкөністер, сүтке немесе суға қайнатылған ботқа жатады және ең бастысы тағамда ақуыз міндетті түрде болғаны жөн.

Рамазан – Ислам күнтізбесінің ең қасиетті айы. Бұл – мейірімділік пен кішіпейілділіктің уақыты. Айта кетейік, қасиетті ай биыл 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Қадір түні 9 мамырдан 10 мамырға қараған түні өтеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай