Нұр-Сұлтан қаласында балалар кітабы апталығы өтті

cis.minsk.by

Өскелең ұрпақтың ой-өрісін өрбітетін аңыз-ертегілердің тәрбиелік маңызы зор. Елордада балалар кітабы апталығы өтті. Шара аясында отандық және ресейлік танымал ақын-жазушылар, режиссерлер, киносыншылар жергілікті оқушылармен кездесті.  Бала тілін тауып жүрген мамандар жас буынға әдеби поэзиялық кештер, ашық сабақтар өткізіп, дәрістер оқыды. Мақсат – халық ауыз әдебиетін дәріптеу.

Александра Поршнева, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының мүшесі:

- Менің ойымша, халық ауыз әдебиеті жалпы көнеден тамыр тартқан түрлі ұлттық құндылықтар мен шығармашылықты экранға шығару, анимациялық фильмдер жасауда қолданылатын амал-тәсілдер, ерекшеліктерді танытуда кинолекторийлердің маңызы айрықша. Осы туындылардың уақыттық кезеңдері, мәліметтер алынған дереккөздер, тарихи мәнін ашу қашан да көрермендерге қызықты болады. Сол арқылы кеңірек насихатталады.

Кітап апталығы – Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға арналған көптеген іс-шараның бірі. Биыл осы әріптестік байланысты нығайтуды көздейтін өзге де бірлескен мәдени шаралар қолға алынбақ. Олардың қатарында түрлі танымдық көрмелер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастыру жоспарланған.

Константин Воробьев, Нұр-Сұлтан қ. Ресейлік ғылым және мәдениет орталығы басшысының орынбасары:

- Осы жылы Юрий Соломин бастаған Ресейдің кіші тетрының Қазақстанға гастрольдік сапары ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Оған Ирина Воробьева сынды танымал сахна саңлақтары қатысады. Санкт-Петерборда өтетін «Балтийский дом» және Сарань қаласында болатын биылғы фестивальдерге Қостанай және Көкшетау қалаларының театрлары қатысады деген үміттеміз. Сондай-ақ қазақстандық театрлар Ресейдің өзге де қалаларына гастрольге барады. Көрмелер бойынша да межелеген  жоспар көп.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×