Нұр-Сұлтанда Нобель лауреаттарының қатысуымен әлемдік ғылым апталығы өтеді

elorda.info

Нұр-Сұлтанда 7-16 сәуір аралығында Нобель сыйлығы лауреаттары мен беделді халықаралық сарапшылардың қатысуымен әлемдік ғылым апталығы өтеді. Шара шеңберінде халықаралық ғылыми қоғамдық және ағартушылық бағыттағы басты шараға айналған Central Asia Nobel Fest ұйымдастырылады.

Айта кетейік, шара биыл «Болашақты жасау» ұранын бетке ұстай отырып өткізілмек. Оның бағдарламасы технологиялар мен инновация бойынша басты үш бағыт: экономикалық мүмкіндіктер, болашақ индустриясы мен білім берудегі трендтерге арналады.

Фестивальге танымал сарапшылар қатыспақ. Олардың қатарында Google-дың білім платформасының жетекшісі, Ford Motors әлемдік трендтер бойынша жетекшісі мен Джеффри Сакс, Хавьер Сала-и-Мартин мен Майкл Спенс сынды танымал тұлғалар бар. Қазақстанда өтетін халықаралық ғылым апталығының тағы бір маңызды шарасы Нобель иегерлерінің Қазақстан мен Орталық Азия елдері университеттері үшін арнайы оқитын дәрістері болмақ.

Әділет Әміров, Central Asia Nobel Fest координаторы:

- Біз тек ғылым мен инновация фестивалін ғана емес, сондай-ақ 12-16 сәуір аралығында әлемдік ғылым апталығы аясында өтетін Нобель дәрістерін де өткізуді жөн көрдік. Осы жерде атап өтетіні, фестивальде бес Нобель сыйлығының лауреаты, ғылымда серпін жасағаны үшін берілетін сыйлықтың тоғыз лауреаты өнер көрсетеді. Сонымен қатар осы апталықта Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін арнайы дәрістер оқитын Нобель сыйлығының сегіз лауреатын күтеміз. Бұл – Қазақстан тарихында тұңғыш рет өтетін шара. Нобель сыйлығының лауреаттары бір апта бойы студенттерге арнайы дәріс жүргізіп, сұрақтар қойып, пікірталастыра алатын зор мүмкіндік болмақ.

Авторы: Гүлбану Тәжібек

×