Көне жәдігерлер Ұлттық мұражайдағы көрмеге ұсынылды

Көненің көзі. Ұлттық мұражайда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, елге танымал коллекционер Азат Әкімбектің «Атамұра» атты көрмесі ашылды.

Көпшіліктің назарына ескінің жұрнақтары төрт бірдей тақырыптық бөлімде ұсынылған. Алғашқысында ХІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың ұлттық өнерінің жәдігерлері жайғасқан. Негізінен ұлттық киім үлгілері, тұрмыстық салт заттары мен қару-жарақ, ат әбзелдері және әшекей бұйымдар.

Екінші бөлімде Орталық Азия аймағының араб, парсы, шағатай тілдеріндегі 200-ден аса қолжазба жинағы орналасқан.

Үшінші бөлімде өткен ғасырдың әйгілі қылқалам шеберлерінің көркем туындылары қойылған. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей суретшілерінің еңбектері бар. Соңғысында Верный-Алматы қаласының 1887-1963 жылдар аралығындағы тыныс-тіршілігі мен сәулеті келбетін бейнелейтін суреттер легі құрайды. Ұлттық мұражайда орын тепкен бір жарым мыңнан астам жәдігерді Азат Әкімбек жарты ғасыр бойы жинағанын айтады.

Азат Әкімбек, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, коллекционер:

- Әр жәдігердің терең тарихы мен өз сыры бар. Мәселен, менің алдымда халық арасында «қара мылтық» деп аталып кеткен қазақтың атақты білтелі мылтығы жатыр. Бұл қару Жоңғар шапқыншылығы кезінде пайда болды. Батыр бабаларымыз туған жерін жаудан қорғау барысындағы шайқастарда осындай мылтықты пайдаланған. Дәл осы мылтықтың 400 жылдық тарихы бар. Бұл – ерте кездегі қару өнерінің аса ерекше туындыларының бірі. Барысқа аңшылық құрған мергеннің қару-жарағы, қарды кезетін құралы да осы жерде ұсынылған.

Бұған дейін отандық коллекционер жиған жәдігерлерін Жапония, Түркия, Венгрия, Ресей мен Қырғызстан елдеріндегі мұражайларда көпшілік назарына ұсынған. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылған көрмені екі ай бойы тамашалауға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов