Бүгін – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл

Қазақ зиялыларының тұтас буынын тәрбиелеген ұстаз, саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, ұлт қамы үшін жанын шүберекке түйген қайраткер. Бүгін – Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Сегіз қырлы, бір сырлы дара тұлға экономика, саясат, заң, тарих, әдебиет сынды салаларда ғылыми еңбектер жазған іргелі ғалым, публицист. Түрлі ілімді қазақшаға тәржімалаған аудармашы, энциклопедист, этнограф. Азаттықтың бастауында тұрған «Алаш» қозғалысының көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын құрушы. Әлихан Бөкейхан мен Алаш ардақтылары салған сара жол – бүгінгі қауымға ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі. «Сондықтан ұлт жанашырының асыл мұрасын жаңғыртып, тағылымды өмір жолын насихаттаудан танбауымыз керек», – дейді бүгінгі зиялы қауым өкілдері.

Сұлтан Хан Жүсіп, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Әлихан Бөкейханның өмірімен, сан қырлы қызметі, теледей теңіз мұрасы туралы ең алдымен көркем фильм түсіруді ұсынып отырмыз. Екіншіден, Әлихан Бөкейханның жеке өмірі туралы деректі фильмдер сериясын, сонымен қатар қазақ, ағылшын, украин, француз және басқа тілдерде Әлихан Бөкейхан, Алаш идеясы туралы кітаптар жазайық. Сауатты, тарихи тағылымы өте көп кітаптар жазуымыз керек. Бүкіл облыс орталығына Әлихан ғана емес, Алаш қайраткерлеріне түгел ескерткіш тақта орнатып, үлкен даңғылдарды солардың есімімен атасақ, міне, рухани жаңғыруымыз осыдан болады.