Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

tengrinews.kz

Бүгін қазақ қоғамы қара жамылған күн. «Бай, қуатты болайық!» деп талайдың есінде қалған, журналистика саласының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлы 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ғұмырының 45 жылын телевизия саласына арнаған ардақты тұлға өмірінің соңғы күндеріне дейін көгілдір экраннан түспей, авторлық жобаларымен көрермен  көзайымына айналған еді. Үзеңгілестері, оны үлгі тұтқан шәкірттері Нұртілеу Иманғалиұлын телевизияның алып бәйтерегі деп біледі.

ЗЕЙІН ӘЛІПБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАР ЖҮРГІЗУШІСІ:

 - Нұртілеу ағамыздың шәкірттерінің бірі – менмін. Менің түсінігімде бүгінгі күнгі қазақ телевизиясында жүрген жас журналистердің барлығы оның шәкірті деп айта аламын. Ол кісі де бүкіл жасты, бүкіл қазақты құшағына сыйдыруға дайын тұратын. Сыртқы түр-әлпеті сұсты көрінгенімен, жүрегі өте жұмсақ, өте мейірімді кісі.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын қатардағы тілші болудан бастап, медиа саласындағы басшылық қызметтерге дейін көтерілді. «Жастар дауысы», «Арай», «Бетпе-бет», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» сынды авторлық бағдарламалары көрермен есінде қалды. Қазақ телевизиясында комментатор, бас редактор, директордың орынбасары мен «Хабар» Агенттігінде модератор жүргізуші, Үкімет кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген, «Қазақстан» республикалық телерадио-корпорациясының басқарма төрағасы болған.

АМАНГЕЛДІ СЕЙІТХАН, ЖУРНАЛИСТ, СПОРТ КОМЕНТАТОРЫ:

 - Менің түсінігімде қазақ телевидениесінің тарихында дәл сондай өз саласына берілген адам жоқ. Өзінің бір сөзі де бар, «бұл менің ауам ғой. Егер мені студиядан айырса, теле саладан айырса, ары қарай өмір сүруім қиын. Тынысым тарылып кетеді» дейді. Ол кісі кетер кеткенше өз ісіне адал болды. Ерекше бір ықыласпен және құлшыныспен кірісетін кез келген бағдарламаға. Ала аламайды, бөле жармайды. Мысалы, тәжірибенің есебінен, тағысын тағылардың есебінен сәл шекеден қарауға болады ғой. Жоқ, ол кісі ондайды жолатпайтын, бойына дарытпайтын немқұрайлылықты. Барынша көрерменмен сырласып қалудың тетігі ретінде қарайтын.

Ауыр қазаның орын алуына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. «Нұртілеу Иманғалиұлы телевизия саласында өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ұзақ жылғы шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп, халқымыздың рухани-мәдени байлығын дамытуға мол үлес қосты», делінген Президент жеделхатында.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×