Алматының жаңа бас жоспарында тұрғындар пікірі ескеріледі

yvision.kz

Қазақстанның ірі мегаполисінің кейпін ажарландырып, тыныс-тіршілігін жақсарту. Бұдан былай шаһар тұрғындары мен қонақтарының бұған қатысты ойлары ескерілетін болады. Осы мақсатта Алматыда урбанистикалық зерттеу жүріп жатыр. Сауалнама барысында инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты жиналған халық пікірі сарапқа салынбақ. Бұл шараға 20 мыңға жуық адамды  тарту көзделген. Бұған ниет танытқандар Алматының қоғамдық көліктерінде аялдамалар мен LED-экрандарда орналастырылған QR-код арқылы кіріп өз үлесін қоса алады. Респонденттер бас-аяғы 43 сұраққа жауап беруі тиіс. Оны қала әкімдігінің қолдауымен «Алматы бас жоспары» және қолданбалы урбанистика ғылыми  институттары құрған. Осының негізінде бас құрылыс жоспарына өзгерістер енгізілетін болады. 

Асхат Садуов,  «Алматы бас жоспары» ҒЗИ» ЖШС  директоры:

– Оның ішінде алматылықтардың мобильдігі, яғни қозғалысы және  осы бағыттағы коммерциялық ұсыныстарына қатысты, мәдени тұрғыдан дамыту, кірістер бойынша, қандай да бір жекелеген аумақты жетілдіруді көздейтін сұрақтар қамтылған. Сондай-ақ біз Алматы қаласының тұрғындарынан жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қатысу ниетін білеміз. Әлемде бұл дамыған тәжірибе. Барлық жобалар осындай сауалнамалардан басталады. Бұл кейінгі шешімге әсер етуі тиіс. Бұл мәліметтер қоры қаладағы бірқатар мәселенің басын қайыруға түрткі болады. 

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов