Ақмола облысында ботай мәдениетінің жәдігерлері табылды

Ақмола облысында ботай мәдениетінің жәдігерлері табылды

Ақмола облысының археологтары тағы бір жаңалық ашты. Красный Яр қонысынан Ботай мәдениетіне жататын көне жәдігерлер табылды. Ол жерден бірнеше  жебе мен найза, балталар, ине және басқа да құралдар шыққан. Ішіндегі ең маңыздысы – сүйектен жасалған пышақ, гарпун мен оюланған жылқы сүйегі. Мамандар бас-аяғы 500-дей затты аршып алған. Олардың айтуынша, узақ уақыт өткеніне қарамастан, жәдігерлер жақсы сақталған және ботайлықтар арасында қолөнердің дамығанын айғақтайды.

Руслан Хайыргелдинов, археолог:

– Биылғы қазба жұмысында ешқашан Ботай қоныстарында табылмаған сүйектен жасалған пышақ табылуда. Осы пышақ екі жағынан өңделген. 40 жыл барысында Ботай мәдениетінде осындай пышақтар табылмаған. Және де осы қоныста қазба жұмысында гарпун табылуда. Гарпун негізінен 2000 жылдары аралығында табылған 20 жыл бұрын. Енді осы Красный яр қонысынан гарпунға кездесіп отырмыз, ол біздің ботайлықтардың балық аулау ісімен айналысқаны туралы дәлелдемелердің бірі. 

Табылған жәдігерлер көне ботайлықтардың өмірі мен мәдениетінен сыр шертеді, дейді археологтар. Мұндағы ғылыми ізденістер әлі де жалғасын табады. Өйткені Ботай мәдениеті әлем тарихшыларының зерттеу жұмыстары үшін әлеуеті мол бағыт болып қала бермек.

Қуаныш Шақшақов, «Ботай» тарихи-мәдени қорығының директоры:

– Ботай мәдениеті емес, Ботай өркениеті десек те артық емес. Себебі өркениет деп жаңа дүние туған кезде айтылады. Мұндағы ескерткіштер бәріміз естіген, білетін Мысыр, Вавилон, Тигр мен Евфрат, Шумерлер мен аккад өркениетінен кем емес.

Қазба жұмыстары кезінде табылған барлық артефактілер есепке алынады. Олардың сипаттамасы жазылып, нөмір мен күні белгіленеді. Содан кейін ғана қосымша зерттеулерге жіберіледі.