Қырғызстанда әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ филиалы ашылады

Қырғызстанда әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ филиалы ашылады

Қырғызстанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің алғашқы филиалы ашылады. Бұл – еліміздегі ең көне жоғары оқу орнының өзге елдегі екінші   өкілдігі. Біріншісі осы мамырда Стамбұлда ашылған. Ашылу салтанаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші мемлекетке жасайтын ресми сапары барысында өтпек.

Арслан Мехмет, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ проректоры:

– Біздің университет түркі және ислам әлемінің үздігіне айналып келеді. Ташкент пен Мысыр мемлекетінен, Иордания мен Армениядан филиал ашуға ұсыныс түсті. Жоғары білім саласында QS рейтингі бар, әлемнің ең үздік 200 университетінде 175-нші орында тұрмыз. Бұл рейтингте Малайзиядан бір ғана университет, Түркия елінен бұл тізімге бір де бір оқу орны ілінбегенін ескерсек, бұл біздегі білім сапасына берілген ең жоғары баға.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында Бішкектің орталығында ұлы Абайдың еңселі ескерткіші ашылады.

Азамат Жаманқұлов, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі:

– Бұл нені білдіреді? Абайдың айтқан ойлары, Абайдың шығармалары  Қырғызстанда әбден жақсы жайыла бастады. Былтыр Абай жылына қарата біз көптеген іс шараларды Қырғызстанда өткердік. Қырғыз тілінде кітаптары шықты, шығармалары шықты, қазір міне университеттерде, мектептерде Абайдың оқулары оқылып, Абайдың конференциялары өткеріліп, Абайды қырғыз оқып жатқан мезгіл. Абайдың дүниесін қырғыз ашып жатқан мезгіл. Сондықтан ескерткіштің ашылуы Абайдың Қырғызстандағы екінші өмірі басталады деген сөз да.

Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 1 млрд долларға жетті

Екі ел басшылары сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлуге ниетті. Олардың қатарына ауыл шаруашылығы, энергетика саласындағы меморандумдар, гуманитарлық жобалар, шекарада ірі логистикалық орталық салу кіреді. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтады.  Қазақстан бауырлас елге негізінен газ, көмір, алтын, автокөліктер жөнелтсе, Қырғызстаннан бағалы металдар, шыны, кондитерлік өнімдер, жемістер мен жидектерді импорттайды.