Қазақстанда «медициналық пойыздардың» жұмысы қайта жанданды

Қазақстанда «медициналық пойыздардың» жұмысы қайта жанданды

Қазақстанда 23 мамырдан бастап «медициналық пойыздар» өз жұмысын бастайды. Олар еліміздің 150-ге тарта станциясын қамтиды. Тегін медициналық көмекті республиканың ең шалғайында тұратын тұрғындар ала алады. Қазақстан бойынша екі пойыз қатынайтынын айта кеткен жөн. Алғашқы «Жәрдем» пойызы Алматыдан шығып 6 қарашаға дейін жолда болады. Ол Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Екінші «Саламатты Қазақстан» 20 маусым мен 2 қараша аралығында жүріп өтеді. Ол Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан өңірлерін аралайды.

Ербол Кенгербаев, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ Әлеуметтік жобалар қорының директоры:

– Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады. Міндетті вагондардың ішінде – мейрамхана вагоны, дизель – генераторлық қондырғысы бар вагондар бар. Екіншісі - егер төтенше жағдай орын алса шағын елді мекенді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, медициналық пойыздың төрт вагоны тиісті  көмекке жауап беретін мамандандырылған қ жабдықтармен толық қамтылған, ал екі вагон-купе дәрігерлерге арнайы дайындалған. Онда қызметкерлердің өмір сүруі, ыңғайы үшін барлық жағдай жасалған.

Жолда жүретін медициналық қызметкерлердің құрамында 30 -дан астам маман бар. Оның ішінде терапевт, стоматолог, офтальмолог, маммолог және хирург мамандары қарастырылған. Қызметтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетіледі. Тұрғындар емхана дәрігерінің жолдамасынсыз тікелей мамандарға жүгініп, тексеруден немесе скринингтен өте алады.