Сайлау жүйесі жаңғыртылады

Сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, қоғамдық бақылаушыларды оқыту. Сайлау жүйесін жаңғырту бойынша осы және өзге де ұсыныстарды ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен елордалық қоғамдастық өкілдері талқылады. Қала халқымен кездесуді сайлау комиссиясының арнайы тобы ұйымдастырды. Жоспар бойынша мұндай жиындар Қазақстанның барлық өңірінде өткізілмек. Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, сайлау заңнамасын түзету кезінде ең шалғай елді мекендерден келген сайлаушылардың пікірі ескерілетін болады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы еліміздегі сайлауға әсер ететін бірқатар өзгеріс туралы мәлімдеген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды азаматтық позицияларын белсенді көрсетуге және сайлауды қайта құру үдерісіне толық қатысуға шақырды.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Әр өңірде жастармен жеке кездесу өткізіп жатырмыз. Оның да себебі бар. «Жастар – біздің болашағымыз, ертеңгі Қазақстан сендердің қолдарыңда» деп айтамыз. Бірақ басым көбі сайлауға бармайды. Сайлауға қатысты жастар «бізсіз де сайлау шешіліп қойған» деп ойлайды. Оларға біз көрген-білгенімізді үйретуіміз керек.