Ауыл шаруашылығын цифрландыру жеделдетіледі

Ауыл шаруашылығын цифрландыру жеделдетіледі

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру үдетіледі. Бұл туралы Сенатта ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов айтты. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде цифрландыруға арналған агроөнеркәсіп кешені жерлерінің 39% сандық форматқа көшірілген. Вице-министрдің айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қалған 61% жер телімдерін жоспардағы 5 жылда емес, небәрі 2 жылда игеру көзделген. Жерді қашықтан зондтау арқылы 8,3 млн гектарға жуық қолданылмайтын учаске анықталып, 2,6 млн гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Әли Бектаев, ҚР Сенат Парламентінің депутаты:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын цифрландыру, ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану тақырыбы қозғалды. Ауыл шаруашылығын цифрландырудың негізгі міндеті – өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Бұл тұрғыда цифрлық технологияларды енгізудің әлемдік тәжірибесін қолдану арқылы елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізу маңызды. Жаңа технологиялар аграрлық саланы өзгертіп, мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Экономиканың тірегі саналатын АӨК-ті цифрландыру арқылы ел табысын еселей түсу маңызды міндет.