Студенттердің шәкіртақысы өседі

Студенттердің шәкіртақысы өседі

Қазақстанда жақында алғашқы онлайн-университеттер пайда болады. Бейінді ведомствоның кеңейтілген отырысында жоғары білім беру жүйесінде оқытудың жаңа әдіс-құралдары талқыланды. ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, талапкерлер үшін білім алу гранттарының саны 5 мыңға артады, олардың 60% техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Техникалық және IT-бағыттарға гранттар 40-тан 60% дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердегі мектептердің түлектері үшін және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің отбасыларына білім беру гранттарын бөлу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ дарынды балаларға, олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлеріне ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беру мәселесі қарастырылады.

Сондай-ақ жиында үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес отандық ЖОО-ның студенттеріне берілетін шәкіртақы 20%, ал магистранттар мен докторанттар үшін 15% өсетіні айтылды. Бұған қоса колледждерде оқу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылады. 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 25 мың адамға көп.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов