Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы басталады

Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы басталады

Шағын және орта бизнесті қолдау – басым бағыттардың бірі. Қазақстанда 25 қаңтардан бастап «Экспорттық акселерация-2022» бағдарламасына іріктеу басталады. Оған қатысу үшін машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ қызмет көрсету салалары секілді 190 отандық кәсіпорын іріктеледі деп күтілуде.

Бұл – қазақстандық экспорттаушыларды қолдау және олардың тауарлары мен қызметтерін сыртқы нарыққа шығару мақсатында жыл сайын өткізілетін бағдарлама екенін айта кеткен жөн. Биыл үшінші рет өтіп отырған жоба 2025 жылға дейін жоспарланған. Сондай-ақ жыл сайын қазақстандық өнімді сату және таныстыру үшін арнайы жекелеген елдердің тізімі де анықталады. Ол елдердің қатарында биыл Ресей, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы бар. 2020 жылы бағдарлама алғаш іске қосылған сәттен бастап қатысушы компаниялар шамамен 150 млн долларға келісімшарттар жасады. Олардың ішінде Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерінің нарықтарына «Made in KZ» өнімдерін жеткізуге арналған ұзақ мерзімді келісімдер бар.

Асылжан Кадим, «QazTrade» АҚ Талдау және консалтинг департаментінің директоры:

- Экспорттық акселерация шеңберінде кәсіпорындармен бірлесіп ұсынымдар әзірлей отырып, экспорттық әлеуетті диагностикалау және өнімді нысанды нарықтардың талаптарына дайындау, сауда-экономикалық миссияларға қатысу және сатып алушылармен келіссөздер жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бағдарлама осымен үшінші жыл жүзеге асырылуда. Оған өндіріс көлемін ұлғайту үшін материалдық және еңбек ресурстары бар дайын өнімді шығаратын кәсіпорындар қатыса алады.