Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасы таныстырылды

Қазақстан құрама командасының Бейжің ойындарына арналған формасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жолы форманың басты ерекшелігі – тарихта алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде «Qazaqstan» болып жазылуы. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек, киім дайындау процесіне спортшылардың өздері атсалысқанын айтты. Құраманың олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кеткен.

Әйгерім Тоқсанбек, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз хатшысы:

- Мамандар форманы спортшылардың пікірін негізге ала отырып дайындады. Жаттығу, Олимпиада ойындары кезінде немесе басқа уақытта киіп жүруге ыңғайлы, сәнді және қолайлы болуы үшін олардың пікірі ескерілді. Спортшылар формаға қатысты ойлары мен ұсыныстарын мамандарға алдын ала айтты.

Сондай-ақ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өкілі қазіргі таңда спортшылар үлкен сайыс алдындағы соңғы дайындық жаттығуларын жүргізіп жатқанын айтты. Коронавирус індетінің жаңа штамы өршіп тұрған шақта спортшылардың денсаулығын сақтау және індетті жұқтырудың алдын алу мақсатында дайындық екі қалада, яғни Нұр-Сұлтан және Алматыда өтіп жатыр.

Әйгерім Тоқсанбек, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз хатшысы:

- Спортшылар карантинде болса да, жаттығуларын тоқтатпайды. Конькишілер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алау» мұз айдынында шорт-тректе жаттығады. Дәл осындай режиммен Алматы қаласында да бірнеше ұлттық құрама жаттығуларын жалғастыруда. Алматыда негізінен тау спортына қатысты спортшылар жиналған.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні Бейжіңге аттанады. Ал Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталып, спортшылар төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль үшін бақ сынасады.