Дипломатиялық миссия басшылары елдегі жағдай туралы пікір білдірді

Дипломатиялық миссия басшылары Қазақстандағы террористік актілер салдарынан қаза тапқандардың отбасына қолдау білдіріп, көңіл айтуда. Ұлыбританияның біздің елдегі елшісі Кейти Лич өзінің Twitter парақшасында пікір қалдырған.

«Соңғы аптада Алматының тұрғындары тап болған зорлық-зомбылық пен қирандылардан шошыдым. Басқа қалалар да түрлі шабуылға тап болды. Үкіметтің атынан қаза болғандардың отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Біз Қазақстанды осы жойқын оқиғалардан кейін қалпына келтіруде қолын ұшын созамыз», - деп мәлім етті Лич.

Еуропалық Кеңестің басшысы Шарль Мишель де твиттердегі парақшасында осы дүйсенбіде Ақордада өткен Мемлекет басшысымен кездесуін жазды.

«Президент Қ. Тоқаевпен Қазақстандағы соңғы оқиғаларды талқыладық. Аза тұту күні адамдардың қаза болуына байланысты қайғырып, көңіл айттым. ЕО мен Қазақстан ынтымақтастығының, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын құрметтей отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығын атап өттім», - деді Еуропалық кеңестің президенті.

Қазақстандағы жағдайға Түркия да пікір білдірді.

«Біз Қазақстанда орын алған оқиға мен қайтыс болғандарға көңіл айтамыз. Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық – біздің басты басым бағытымыз. Түркия әрқашан Қазақстанның жақтасы болып қала береді», – деп атап өтті Түркия президентінің баспасөз хатшысы Ибрагим Калын.