Мереке қарсаңында шектеу шаралары күшейтілді

Мереке қарсаңында шектеу шаралары күшейтілді

Санитарлық дәрігерлер қазақстандықтарға мерекелік демалысты адам көп жиналатын жерлерде атап өтпеуге кеңес береді. Бүгінде «қызыл» аймақта орналасқан өңірлер жоқ, алайда ауру жұқтыру көрсеткіші өссе, ахуал өзгеруі мүмкін. Көптеген облыста жаппай тыйым салынбағанымен, Жаңа жылды мейрамханада қарсы алғысы келетіндер үшін белгілі бір талаптар бар. Алматы облысында «Ashyq» жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысанның барлығына салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Ал жүйеге қатысушылар «жасыл» статусы барларды ғана кіргізуге және 50% толымдылықпен ғана жұмыс істей алады. Cанитарлық талаптардың сақталуын мониторингтік топ өкілдері қатаң қадағалайды.

Әлия Шағиахмет, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Қоғамдық көлік, театр, мұражайларға шектеу қойылмаған. Қоғамдық көліктер күнделікті режимде, яғни таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Алматы облысының «жасыл» аймақта тұрғанына бір айдан асты. Сондықтан шектеулер жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Өңір «сары» аймақта. Соңғы екі аптада коронавируспен ауыру көрсеткіші 27% төмендеді.

Арман Күшбасов, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Жаңа жыл – отбасылық мейрам. Сондықтан солтүстікқазақстандықтарды мерекені үйде атап өтуге шақырамыз. Жалпы мерекелік шараларға рұқсат берілген. Бірақ қонақ саны 70 адамнан аспауы керек. Сонымен қатар «Ashyq» жүйесі болуы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысында екпе алу орындары мереке күндері де жұмыс істейді.