Энергетика министрлігі жылды қорытындылады

Энергетика министрлігі жылды қорытындылады

2021 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізатын, жер қойнауын пайдаланушылардың өнімдерін, жұмыстары мен қызметтерін сатып алудың және уран өндірудің жалпы көлемі шамамен 6,8 трлн теңгені құрады. Энергетика министрлігінің дерегіне сай, бұл ретте жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5% немесе 3,1 трлн теңгені құрамақ. Сондай-ақ салалық ведомства мен Chevron-ның «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген бірлескен жобасы қазақстандық үлесті ұлғайтуға сеп болмақ. Келісімнің міндеттемелері шеңберінде инвестор аталған көрсеткішті дамытуға 108 млрд теңгеден астам қаражы бағыттайды.

Айта кетейік, қор бұған қатысты өтінімдерді қабылдауды бастады. Яғни технологиялар мен IT жобаларға, базалық тауарлар өндіруге және мұнай-газ секторы мен қоршаған ортаны қорғау үшін жабдықтардың бірқатар түрін құрастыруға басымдық берілетін болады.

Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры:

- Сондай-ақ осы жылы мұнай-газ саласында машина жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру – аталған жұмыстың үлкен нәтижелерінің бірі болды. Бұл орталық мұнай-газ саласындағы ірі операторларымыздың көмегімен құрылды. Бүгінгі күні орталық мұнай-газ саласында ең қажетті деген тауарларды анықтау бойынша бірқатар ірі зерттеу жүргізді. Келесі жылы орталықпен бірге қол жеткізген жаңа жаңалықтармен бөлісеміз деп ойлаймын.

Энергетика министрлігінің сарапшысы еліміздің жер қойнауын пайдалану саласындағы жетістіктермен бөлісті. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған соңғы 3 аукционның қорытындысы бойынша, ел қазынасына шамамен 13 млрд теңге түскен.

Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры:

- Барлық қаржы бюджетке түседі. Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бұл бастама геологиялық барлауды инвестициялауға және елдің минералдық-шикізат қорын толтыруға өз септігін тигізуде. Электронды формат үрдістің ашықтығын көрсетеді және соның арқасында әлеуетті инвесторлар жаңа аукциондарға қатысуға ниет танытуда. Министрлік «жерді емес тек оның қойнауын сатамыз» деп бірнеше рет айтқан еді.