Отандық ғалымдар халықаралық нарыққа шықты

Отандық ғалымдар халықаралық нарыққа шықты

Қазақстандық ғалымдардың жобалары коммерцияландыруға лайық. Отандық жобалаушылардың 14 ғылыми әзірлемесі халықаралық нарыққа шығып, өз өнімдері мен қызметтерін ұсына бастады. Отандық ноу-хауға Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия және Қырғызстан елдері қызығушылық танытқан. Бүгінде сатылымдар ауқымы жүздеген млн теңгені құрап, ғалымдарымыз пассив кіріс көре бастаған.

Аталған жобалар қазақстандық Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асқанын атап өту керек.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ төрағасы:

- Соңғы бес жылда бізге 34 млрд теңге қаржы салынды және ғылым оны ақтай бастады. Қазіргі уақытта ғылымның әлеуметтік-экономикалық үлесі 43 млрд теңгені құрап отыр. Соңғы 1-1,5 жыл ішінде елеулі серпіліс байқалады. Қорға келетін ғалымдар өздерінің ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелері туралы есебімен келеді. Солардың ішінен үздіктері таңдалады.

Шетелде танымалдылыққа ие болып келетін өнертабыстар арасында «кобальт-57» радиоизотопы, зеңге қарсы дәрілік препарат, сүт сарысуы негізіндегі сусындар және метаболизмді жақсартуға көмектесетін бие сүтінен жасалған пробиотиктер бар. Бүгінде шетелдік әріптестерге таныстыруға басқа да жобалар әзірленуде. Мысалы, гендік талдау негізінде адамның қандай ауруға бейім екенін анықтайтын және баланың болашақ физикалық деректері туралы ақпарат беретін қазақстандық ғылыми қайраткерлердің зерттеулері солардың қатарында.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры:

- Бүгінде генетика медицинаның ажырамас бөлігіне айналды. Науқастарды емдеу генетикалық төлқұжатқа, яғни жеке медицинаға сүйенеді. Орталық Қазақстандағы генетикалық талдаудың пионері, үлкен зертханамыз бар. Ұсынылатын генетикалық қызмет түрлері сан алуан.

«Ғылыми өнертабыстарға негізделген бизнестің тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр», - дейді мамандар. Соңғы екі жылда ұйым 130-ға жуық жобаны қаржыландырып, 113 ғылымды қажетсінетін өндірісті іске қосты. Бұл өз кезегінде көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде қазақстандық ғалымдар шетелдіктермен қатар медицинадан бастап, экология мен ауыл шаруашылығына дейінгі түрлі салалардағы заманауи ғылыми жобаларға қатысып келетінін айта кеткен жөн.

Авторы: Ақзер Сегізбай