Елордада көне қолжазбалар көрмесі ұсынылды

Елордада көне қолжазбалар көрмесі ұсынылды

Ұлы даланың жазба мұралары елордада. Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында киелі Түркістаннан жеткен 60-қа тарта бірегей жәдігер ұсынылған жылжымалы көрме ашылды. Онда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында ұзақ уақыт бойы жиналған көне жазбалар қойылған. Келушілер ежелден бері сақталып келетін Құран және XIX ғасырда қайта жазылған Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани сынды танымал ғалымдардың еңбектерін тамашалай алады. Сонымен қатар мұнда 37 дана жазба ескерткішті, қасиетті Құран аяттарының 15 картинасын, күрсілер, тасбихтар және шырағдандарды көруге болады. Танымдық көрме алдағы екі мейрам – Тұңғыш Президенті күні мен тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Экспозиция 30 желтоқсанға дейін тегін жұмыс істейді.

Ерсін Тәжібаев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Біз Түркістан қаласынан келдік. Көрменің аты – «Ұлы даланың жазба мұралары». Осы тақырыпта көрмелерді көптеп жасау ойымызда бар. Алғашқы қадамды елордадан бастап отырмыз. Жалпы көрмеде 25 мыңнан астам жәдігер бар. Бұл – еліміздегі үлкен іргелі музей.

Жандос Болдықов, ҚР Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының директоры:

- «Әзірет Сұлтан» мұражайында көненің көздері ежелгі кітаптар, тамыры терең тартқан құнды қолжазбалар сақтаулы. Көрмеге ең бағалы деген жәдігерлер қойылған. Бұл қордың аз ғана бөлігі. Тек ескі қолжазбалардың 700-дей данасы бар. Аталмыш шара елордалықтар мен қала қонақтарына мереке қарсаңында үлкен сый болды деген үміттемін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов