Қазақстан Швейцариямен ынтымақтастық аясын кеңейтеді

Қазақстан Швейцариямен ынтымақтастық аясын кеңейтеді

Қазақстан мен Швейцария сервистік орталықтар, қайта өңделген термопластик шығаратын зауыт салып, бірлескен ауылшаруашылық қоры мен мал шаруашылығы кешенін құрады. Тараптар жалпы құны 300 млн доллар болатын алты келісімге қол қойды. Женевадағы инвестициялық дөңгелек үстел отырысының нәтижесі осындай болды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтаннан Базельге тікелей рейс ашу туралы уағдаласты.

Михаэль Швин, «EuroAirport Basel Mulhouse Freiburg» компаниясының вице-президенті:

- Швейцариядағы 3 ірі әуежайдың бірі Базельде орналасқан. Халықаралық әуе айлағы мәртебесіне ие. Енді осы шаһар мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында тікелей әуе рейсін ашқымыз келеді. Сол арқылы туризм, сауда-саттық, тасымал саласындағы екі ел байланысын нығайта түсу жоспарымызда бар. Әзірге тек өзара түсіністік туралы меморандум ғана, бірақ әрине, бұл – болашаққа жасалған елеулі қадам. Қазақстан – біз үшін Азиядағы ең тартымды нарықтардың бірі.

Айта кетейік, Қазақстан мен Швейцарияны ұзақ жылдар бойғы стратегиялық және инвестициялық серіктестік байланыстырады. Соңғы 15 жылда бұл мемлекет еліміздің экономикасына 28 млрд доллар қаржы құйған. Өз кезегінде, Қазақстан Швейцарияға 840 млн доллардан астам инвестиция бағыттаған. Бүгінде бізде 200-ден астам швейцариялық компания табысты жұмыс істеп келеді.

Дмитрий Абильдин, уылдырық өндіру компаниясының директоры:

- Жалпы Еуропа нарығы Қазақстанның сапалы өніміне қызығушылық танытып отыр. Біздің өнімдер жоғары экологиялық стандарттары үшін бағаланады. Швейцария тарапынан ықтимал қаржыландыру туралы меморандумға қол қойдық. Олар өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл жай ғана сауда компаниясы емес. Олар 40 жылдан астам уақыттан бері бекіре уылдырығын өндірумен айналысып келе жатыр.

Сонымен қатар швейцариялық тараппен «QazVac» қазақстандық вакцинасын тіркеу, өндіру және Оңтүстік Америка, Африка, Еуропа елдеріне тасымалдау бойынша бірлескен іс-шаралар туралы меморандумға қол қойылды.