«Көңілдің асыл пернесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Көңілдің асыл пернесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Абайдың «Көзімнің қарасы», Ақан серінің «Қараторғай» әндерін қазақстандық және шетелдік жеткіншектер шырқады. Оған «Көңілдің асыл пернесі» атты халықаралық шығармашылық байқауы түрткі болды. Әуезді шара қорытындыланып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шетелдіктер байқауға онлайн қатысты. Тұңғыш Президент күніне арналған дәстүрлі ән бәйгесінде Елбасының сөзіне жазылған туындылар мен қазақтың халық әндері жеке және топпен жанды дауыста, сондай-ақ домбырамен орындалды.

Еске салайық, биыл 200-ге тарта өтініш келіп түскен. Бұл қатарда Индонезия, Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан және қырғызстандық қатысушылар да бар. 12-17 жас аралығында екі топқа іріктелген өнерпаздардың үштен бірі ақтық сынға өтті. Соңғы кезеңде төрт аталым бойынша 30 жеңімпаз және бір бас жүлде иегері анықталды.

Айта кетерлік жайт, 2015 жылдан бері өткізіліп келетін байқауға бүгінге дейін 3 мыңнан астам жас әнші қатысқан.

Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

- Байқаудың бір ерекшелігі, сайыс арнайы музыкамен айналысатын балалардың емес, жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының арасында өтті. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, балалардың ерекше энергетикасын сезінген. Сонымен қатар олардың ерекше орындаулары Отанына, халқына, туған жеріне деген ыстық сезімдерін жеткізе алды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов