«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі аяқталды

«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі аяқталды

Қарағандыда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі қорытындыланды. Ұлттық мәдениет пен қолөнерді сақтауға бағытталған іс-шара жазда басталған. Оған барлығы 125 қолөнерші мен түрлі шығармашылық ұжым қатысты. Қатысушылар қатарында Азамат Бақия да бар. Шебер фестивальге «керней» үрмелі аспабын әкелген. Ол жорықта жауынгерлердің жігерін қайрау үшін қолданылған көрінеді.

Азамат Бақия, өнерпаз:

- Алпамыс батыр жырында «Керней сырнай тартқызып, беделін жұртқа артқызып» деген жолдар кездеседі. Бұл – қазақтың төл аспабы. Кейіннен жоғалып кеткен. Қазіргі таңда біз соны жаңғыртып, жасап жүрміз. Керней – осындай іс-шарада, салтанатты жиындарда таптырмас аспап.

Фестивальде Гүлбаршын Матниязова да өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. 15 жыл бойы киізден киім тігетін елге танымал қолөнер шебері, өнімдерін шетелге шығара бастаған.

Гүлбаршын Матниязова, қолөнер шебері:

- Жақында тапсырыс бойынша Джемили атты америкалық әртіске көйлек тіктім. Қазір Димаш Құдайбергеннің әндерін орындайтын Фабио есімді италиялық өнерпазға ұлттық киім дайындау үстіндемін. Соңғы кездері шетелдіктер қазақтың киізінен тігілетін киімге тапсырыс беруде.

Фестиваль ұйымдастырушылары шеберлерді дәстүрлі түрде әр 2 жыл сайын жинауды жоспарлап отырғанын атап өткен жөн.