Ұлттық музейде «Бөкей ордасы – ел мұрасы» атты көрме ашылды

Ұлттық музейде «Бөкей ордасы – ел мұрасы» атты көрме ашылды

«Бөкей ордасы – ел мұрасы». Ұлттық музейде осы атаумен төл тарихымызды түгендеуге бағытталған көрме ашылды. Танымдық шара үш бірдей мерейтой: ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Бөкей Ордасының 220 жылдығы және Қазақстандағы тұңғыш мектеп – Жәңгір училищесінің құрылғанына 180 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылған. Экспозицияда 40-қа жуық ақпараттық стенд ұсынылды. Онда ХІХ ғасырда мәдениет пен өнер, білім мен сауда дамыған орталық болған Бөкей негізін қалап, Жәңгір жаңартқан көне тарихи мекеннің екі ғасырдан астам шежіресі көрініс табады. Сондай-ақ мұнда 50-ден астам түпнұсқалы фотосуреттер мен 70-ке тарта сирек кездесетін жәдігерлерді тамашалауға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме өз мазмұнымен ғана қызықты емес, сонымен қатар облыста туризмді дамытуға тың серпін бермек.

Нұрлыбек Даумов, БҚО Бөкей орда ауданының әкімі:

- Қазіргі уақытта Бөкей ордасында туризмді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Биыл карантиндік шектеулерге қарамастан өткен 10 айдың ішінде 10 мың турист келді. Алдағы 5 жылда бұл көрсеткішті 30 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов