«Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті көпшілік назарына ұсынылады

«Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті көпшілік назарына ұсынылады

Тасжүрек өгей шеше, патшаның қызы және көңілді ергежейлілер. «Астана Операның» балет труппасы баршаға таныс ертегіні би тілімен баяндайды. «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балетін елорда сахнасында авторлардың өзі сахналайды. Венгриялық композитор Тибор Кочак пен хореограф Дюла Харангозоға қойылым әлемдік атақ әкелген. Бұл біздің заманымызда ең жиі қойылатын балет екенін атап өткен жөн. Спектакль Венгрия мемлекеттік операсында 120 рет, сондай-ақ «Эркель» театрында, Сегед қаласындағы ашық аспан астындағы фестивальде көрсетілген. Міне осы туындыны елордалық көрермен «Астана Опера» театрының сахнасынан 19-20 қараша күндері тамашалай алады. Либретто авторы, қоюшы хореограф Дюла Харангозо әртістердің актерлік шеберліктеріне ерекше мән беретінін айтады.

Дюла Харангозо, қоюшы хореограф:

- Труппамен жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әрине, олар үшін таңсық дүниелер жетерлік, сондықтан дайындықты жалғастырамыз. Классика жағы тіпті мәселе емес. Әртістер өте талантты, жоғары деңгейде билейді. Бірақ тек бимен шектелмей, оларды шынайы ойнатқым келеді. Бірінші ертегі желісін көрсетпекпін, бұл мен үшін өте маңызды. Әрине, классикалық балеттегі басты жағдайларды ұмытпаймыз. Десек те актерлік шеберліктерін көрсету жағына да ерекше назар аударамыз.

Сұлтанбек Ғұмар, «Астана Опера» театрының солисі:

- Режиссердің талабы: спектакль өте әуезді, ойнақы болуы керек. Техникалық жағынан да, хореография жағынан да қиындықтар бар. Музыкалық сүйемелдеуді актерлік шеберлікпен, бимен үйлестіре отырып режиссердің ойын жеткіземіз деп сенеміз. Сондықтан қазір көп жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы премьера көрермендерге ұнайды деген ойдамыз.

Авторы: Ақзер Сегізбай