«Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмінің америкалық премьерасы өтті

«Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмінің америкалық премьерасы өтті

АҚШ-та азиялық кинофестиваль аясында «Qazaq. Алтын адамның тарихы» деректі фильмінің премьерасы өтті. Картинада белгілі продюсер әрі режиссер Оливер Стоун ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алу арқылы оқиға желісі баяндалады. Онда Елбасы Кеңес Үкіметінің күйреуі, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадамдары және астананың пайда болуы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Игорь Лопатенок, картинаның режиссері:

- Саяси және геосаяси тақырыптарда әңгіме қозғап, өзекті тақырыптарды талқылау барысында көрерменнің назарын жоғалтып алмай ұстап тұру өте қиын. Біздің картинамыз – сол назарды ұстап тұратын фильмдердің бірі. Бұл сөзсіз Елбасының шеберлігінің арқасында деп айтсам артық болмайды. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев – өте керемет әңгімеші. Ол шынайы адам және жауаптары да шынайы болды. Сонымен қатар Оливер Стоунның жоғары деңгейдегі сұхбат алушы екендігін де атап өткім келеді.

Режиссердің айтуынша, «Qazaq. Алтын адам тарихы» туындысы – оның қоржынындағы ең үздік картина. Бұл жобаға деген америкалық көрерменнің қызығушылығы – соның бір дәлелі. Көрсетілімге қатысқандарды картинаның музыкасы да ерекше тәнті еткен. Әуенмен әрлеген белгілі италиялық композитор – Карло Силиотта.

Карло Силиотто, композитор:

- Мен қазақ халқының ұлттық аспаптарына таңғаламын. Сіздердің мәдениеттеріңіз мені тәнті етті. Домбыра, қобыз, қылқобыздың дауысы бірде-бір аспапқа ұқсамайды. Осы аспаптардан құралған оркестрді алғаш рет естігенімде, бұл үнді қатты ұнаттым және ешқашан ұмытқан емеспін.

Деректі фильмнің премьерасы бұған дейін Қытай және Еуропа елдерінде көрсетілді. Режиссердің айтуынша, енді толықметражды фильм қалың көрермен қауымға 8 бөлімнен тұратын телевизиялық форматта ұсынылады.