Қазақстанда әуе рейстерінің бағасы қымбаттады

Қазақстанда әуе рейстерінің бағасы қымбаттады

Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің бағасымен қатар әуе рейстерінің құны да артты. Finprom.kz басылымының мәліметіне сүйенсек, отандық авиа тасымалдаушылардың қызметі шамамен 9% өскен. Өңірлер арасында Түркістан облысының тұрғындары бағаның өсуін айрықша сезінді, соңғы 1 жылда баға 30% өскен. Сондай-ақ үштіктің қатарын Қызылорда және Маңғыстау облыстары толықтырып тұр. Республиканың 17 аймағын салыстырғанда тек Солтүстік Қазақстан облысында баға өткен жылдың қазан айындағы қалпында сақталған. Ал республиканың үш өңірінде, атап айтар болсақ Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында бағаның төмендеуі байқалады. Жалпы сарапшылардың айтуынша, жолаушылар тасымалы пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта оралуда. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әуе компанияларының табысы 265,7 млрд теңгеге жетті, бұл бір жылдың ішінде бірден екі есеге жуық өсімді көрсетеді. Кірістердің негізгі бөлігі жолаушылар тасымалы есебінен, ал жүк тасымалынан 13 миллиардтан астам қаражат келіп түскен.

Авторы: Ақзер Сегізбай