Түркияда өткен көрмеде түркі әлемі талқыланды

Түркияда өткен көрмеде түркі әлемі талқыланды

Түркия астанасында өткен көрмеде Қазақстанның қалыптасуының маңызды кезеңдерін баяндайтын 400-ден астам экспонат қойылды. Олардың ішінде ұлттық киімдер, Қазақстан тарихы бойынша азаттық үшін күрестің түрлі кезеңдеріндегі жәдігерлері ұсынылған. Тіпті еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасын ұлықтау рәсімінде төселген ақ киіз де бар. Ал «Түркі бірлігі» бөлімінде Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейі көрсетілген.

Айхан Туғлу, Түркия президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық кітапхана директоры:

- Ұлттық кітапхана шаңырағында осындай көрменің өтіп отырғанына қуаныштымыз. Бұл жер – Түркияның ең үлкен кітапханасы.

Сонымен қатар «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті. Оған белгілі саяси және қоғам қайраткерлері жиналды.

Айта кетейік, қос шара да Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

- Қос шараның Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркияда өтуі кездейсоқтық емес. Себебі Түркия – тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған, бізді әрдайым қолдап келе жатқан бауырлас халық.