Рақымшылық: қанша сотталушы бостандыққа шығады?

Рақымшылық: қанша сотталушы бостандыққа шығады?

Қазақстанда 2 200-ден астам сотталушы рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Мұндай мәлімет Мәжіліс отырысында айтылды. Тиісті заң жобасын ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев таныстырды. Ол рақымшылықтың аса ауыр қылмыс жасағандарға қатысты болмайтынын ескертті. Жоба аясында 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. 1 000 адам қамаудан бостандыққа шығады. Темір торға тоғытылған 1 294 азаматтың жаза мерзімі қысқартылады. Сондай-ақ қазір сотқа дейінгі өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады деп күтілуде.

Ерлан Тұрғынбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірледі. Оның мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, сондай-ақ кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қоғамды ізгілендіру мақсатында мемлекет пен азаматтарға аса қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған азаматтарға қатысты рақымшылық жасау керектігін жариялаған болатын. Ел тәуелсіздік алғалы 8 рақымшылық шарасы жасалған. Бүгінде елімізде 64 түзету мекемесі мен 16 тергеу изоляторында бас бостандығынан айырылған 34 мыңнан астам адам бар.