Құрық порты арқылы жүк тасымалы екі есеге артты

Қазақстандағы Құрық портының өткізгіштік қабілеті артып келеді. Бұған Бейнеу-Ақтау тасжолының жаңғыртылуы өз әсерін тигізді. Жобаны Азия Даму банкі қаржыландырған. Жүк транзиті мен экспорттық тасымалдың дені осы бағыт арқылы жүреді. Автомагистраль қалпына келтірілгелі жүк көлемі айтарлықтай өскен. «Есесіне былтыр Құрық порты арқылы өткен жүк көлемі екі есеге дейін ұлғайған. Бұл әлі толық қуатты әлеует емес», – дейді мамандар.

Қуандық Құсайынов, Құрық портының диспетчері:

- Өткен жылы 15 мыңнан астам жүк көлігін қабылдадық. Оның дені Түркия, Грузия, Әзербайжан елінен келген. Биылғы жылдың жоспары туралы айтатын болсақ, қаңтар айынан бастап 11 мыңнан астам көлік алдық, бұл көрсеткішті екі есеге арттырғымыз келеді. Жалпы портта 6 млн тонна қабылдауды жоспарлап отырмыз, күніне 4-5 паром қабылдауға дайынбыз.

Халықаралық маңызға ие дәліз шарапатын татып жүрген тасымалдаушылар ең бастысы инфрақұрылым дамуының арқасында жылдамдықпен қатар қауіпсіздік деңгейінің артқанын айтады.

Хаджи Ипектен, жүргізуші /Түркия/:

- Түркиядан жүк тасымалдаймыз. Әзербайжаннан пароммен Ақтауға жетіп, Құрық портынан Өзбекстанға жол тарттық. Жаңадан салынған жолдың сапасы өте жоғары, сапарымыз жеңілдей түсті.

Еске салайық, Құрық порты арқылы еліміз Еуразиялық халықаралық сауда ағынына қосылады. Ол Каспий теңізімен Әзербайжан, Грузия, одан әрі Түркия мен Кәрі құрлықты жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды торабы саналады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов