Баяншы Олжас Нұрланов Әлем чемпионы атанды

Баяншы Олжас Нұрланов Әлем чемпионы атанды

22 жастағы қазақстандық баяншы Олжас Нұрланов «74th Coupe Mondiale» халықаралық байқауында жеңіске жетті. Тарихта алғаш рет Әлем чемпионы атағы қазақстандық өнерпазға бұйырды. Әлем кубогі – дәстүрлі баян және аккордеон орындаушылары арасындағы байқау. Шараны Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясы ұйымдастырады.

Биыл дәстүрлі сайыс Мюнхен қаласында өтті. Отандық музыкант 32 жасқа дейінгі қатысушылар санатында жеңіске жетті. Олжас Нұрланов 30-дан астам халықаралық байқаудың лауреаты және 5 фестивальдің қатысушысы екенін айта кеткен жөн. Музыкант алты жасынан аспапты игере бастаған.

Олжас Нұрланов, баяншы:

- Аталмыш байқауға дайындық жұмыстары қиын, ұзақ, тіпті психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Бұл жеңісті мен бала күнімнен, шығармашылық жолымның басынан армандап келемін. Жыл сайын әр байқаудан тәжірибе жинап өзіндік стилімді қалыптастырудамын. Биыл өзімді толықтай көрсеттім. Менің бағдарламам барокко, романтизм дәуірінен бастап, баян аспабына арналған заманауи композиторларға дейінгі көптеген шығармадан тұрды. Сондай-ақ әрбір шығарма өздігінше бірегей.

Авторы: Ақзер Сегізбай