Нұр-Сұлтанда ашық инновациялар форумы өтуде

Нұр-Сұлтанда ашық инновациялар форумы өтуде

«Цифрлық трансформация және өмірдің жаңа сапасы». Нұр-Сұлтанда екі күндік «OPEN MIND» ашық инновациялардың онлайн-форумы басталды. Форум барысында негізгі тақырыптарды Үкімет өкілдерінен бастап, шетелдік IT-сервистерді әзірлеушілер мен сарапшылар кең ауқымда талқылайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы іс-шара пандемия кезінде цифрландыруды дамыту тақырыбына арналған. Форумның ашылу барысында қатысушылар электрондық экожүйелерді енгізу мәселелерін, сондай-ақ ашық инновациялар мәдениетін дамытудағы әлемдік тәжірибені қозғады. Талқылаудың екінші бөлігі елдегі стартап-жобаларды, сондай-ақ EdTech-технологиялар мен білім беру саласындағы автоматтандыруды дамытуға қатысты болатынын айта кеткен жөн.

Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, АХҚО басқарушысы:

- Пандемия жаһандық трендтерге үлкен із қалдырды. Шынында да бүкіл адамзат, барлық мемлекет, мемлекеттік органдарға өз әсерін тигізді. Өткен жылдың басында мемлекеттік инфрақұрылымның барлық жүйелері оның ішінде денсаулық сақтау жүйесі, білім беру жүйесі ауыртпалықты бастан өткерді. Біз оны жақсы білеміз. Осы ретте біз телемедицинаның, денсаулық сақтаудағы ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктеріне басқаша қарай бастадық. Мұның бәрі әрине, мемлекеттік инфрақұрылымды қалай жаңарту керектігіне қатысты шешім қабылдауға әсер етті.

Авторы: Ақзер Сегізбай