Елбасы кітапханасында «Ұмай бесік жыры» көрмесі ашылды

Елбасы кітапханасында «Ұмай бесік жыры» көрмесі ашылды

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана. Ананың қуанышы – бала бақыты. Мұның бәрі қазақстандық қылқалам шеберінің туындыларында көрініс тапқан. Ана тақырыбы шабытының қайнар көзіне айналған суретші Динара Қадырованың жеке көрмесі Елбасы кітапханасында қанат жайды. Ол әйел мен бала қорғаны Ұмай анаға арналған. Көрме «Ұмай бесік жыры» деп аталады. Бұл еңбектер қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінен сыр шертеді.

Айта кетейік, бұл – жас бейнелеу өнері шеберінің алғашқы жеке көрмесі.

Динара Қадырова, суретші:

- Мен ана болған сәттен авторлық туындыларымды жасай бастадым. Бұған дейін арнайы білім алып, кейін дизайн саласында жұмыс істедім. Бірақ мені бірінші кезекте кескіндемемен әуестенуге шабыттандырған аналық сезім болды. Себебі мен қуаттандым, өмірім махаббатқа толды, ризашылық пайда болды, өмірге басқа көзбен қарай бастадым.

Күләш Ақтаева, ҚР  Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

- Бүгінгі «Ұмай бесік жыры» атты көрме – жас болғанымен, өте дарынды суретші Динара Қадырованың көп жылғы ізденісінің нәтижесі. Динара Қадырова еліміздің дарынды балаларының қатарында, Тұңғыш Предидент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен. Осы уақытқа дейін көптеген байқаудың лауреаты атанып, бірқатар сыйлықты иеленіп үлгерді. Дегенмен өмірін бала тәрбиесіне арнап, ана болуды мақсат тұтты. Міне, бүгінде үш баланың анасы алғашқы көрмесін ашты.

Айта кетейік, көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Кітапхана мамандарының айтуынша, жоба аясында еліміздің бірегей болмысын қалыптастыратын ерекше авторлардың шығармашылығын көрсетеді. Көрмеге кіру – тегін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов