Жол құрылысына отандық нанобитум қолданылады

Жол құрылысына арналған қазақстандық нанотехнология. Отандық ғалымдар елімізде жаңадан төселетін битумның құрамына көмірдің ұнтақтарын қосуды ұсынып отыр. «Бұл инновациялық әдіс жолдың физикалық қасиетін өзгертіп, сапасын арттырумен қатар оған жұмсалатын қаржыны үнемдейді», – дейді өнертабыс авторлары. Себебі бірегей өнімнің қазақстандық үлесі – 100%. Оған қажет қиыршық тас, құм, минералды қоспалардың барлығы – жергілікті шикізат. Олармен жаңадан бірігетін наноұнтақ та өзіміздің кен орындарынан шыққан қатты отыннан алынады. Ол үш сатылы технологиямен ұсақталады.                                  

Бағдат Телтаев, «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті:

- Бірінші механикалық диірменде ұнтақтадық, одан кейін аэродинамикалық әдіспен, үшінші сатыда электромагниттік өріс әдісімен ұнтақтадық. Сөйтіп ұнтақталып алған наноұнтақты битумға қостық. Осы жерде көлемді тәжірибе жүргіздік. Яғни 0,5% битумның салмағы бойынша 2% дейін қостық. 0,5% қосқанның өзінде жақсы нәтижеге жеттік. Ал 2% қосқан кезде нәтижеміз өте жоғары болды. Осылай тұңғыш рет Қазақстанда отандық нанобитум алдық.

Жаңа үлгінің қолданыстағы битумнан артықшылығы мол. Қазақстанның тылсым мінезді суығы мен ыстығына төзімдірек. Аса берік әрі тығыз асфальт жабынынына су аз сіңеді. Бұл оны қыста жарылудан, ал жазда сораптан қорғайды. Қызмет мерзімі де ұзарды. Қазіргі таңда ғалымдар төл өнімін кең өндіріс жолына қою үшін арнайы қондырғылар әзірлеуге ден қойған.

Бағдат Телтаев, «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті:

- Осы бағытта одан әрі наноұнтақтарды алу технологиясын жетілдіру мақсатында екі өнертабысқа ұсыныс дайындаудамыз. Бір жобаны механикалық диірменге ұсындық. Қазір электромагниттік қондырғының тағы бір жетілдірілген түріне жоба жасалып, авторлармен келісіп ұсыныс беру үстіндеміз.

Тырнақалды жоба Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы тәжірибелік жол бөліктерінде сыналатын болады. Нәтижесі жыл сайын сараланып, талдау жасалады. Өнертабыс авторлары нанобитум сыннан сүрінбей өтетініне сенімді. Сондықтан көп ұзамай ел иігілігіне тапсырылып, жол құрылысының жаңа стандарттары енуі әбден ықтимал. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов