Қазақстан мәдениеті Кембриджде таныстырылды

Қазақстан мәдениеті Кембриджде таныстырылды

Қазақ домбырасы Кембриджде күмбірледі. Өнерпаздар Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне осындағы Фицуильям мұражайында қанат жайған «Ұлы дала алтыны» көрмесі аясында өнер көрсетті. Онда ШҚО ежелгі сақ қорғандарынан табылған алтын артефактілер таныстырылды. Мұнда негізінен ағылшын рыцарьларының дулығалары мен мүсіндері қойылған. Бірақ галерея бір сәтке қазақ тарихы мен өнерінің ордасына айналғандай. Өнерпаздардың концерті келесі күні далаға құрылған шатыр астында жалғасты. Кембридж қаласының тұрғындары әсем ән мен тәтті күйлерді сүйсіне тыңдады.

Айбек Бекбосын, күйші-композитор, ШҚО филармониясының директоры:

- «Өнер десе, ішкен асын жерге қояды» демекші, осы елдің тұрғылықты халқы өнер сүйген жандар екен. Домбыраға да қызығушылық танытып жатыр. Қазақтың қасиетті қара домбырасы бүкіл әлемді жауласа деген арманымыз мақсатқа айналды деп ойлаймын.

Никола Харрисон, Кембридж қаласының тұрғыны:

- Мен көрмеге кіргім келді. Бірақ халық өте көп болғандықтан кіру мүмкін болмады. Оның орнына сіздердің музыкаларыңызды тыңдау құрметіне ие болдым және шынымен де ерекше сезімге бөлендім. Ұлттық дыбысты ести отырып, ғаламторға жедел кірдім де, бұл аспаптың аты «домбыра» екенін білдім. Қазір аспапты қолыма ұстап отырып, оның ғажап екеніне көзім жетіп отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы