Қазақ радиосына 100 жыл толды

Қазақ радиосына 100 жыл толды

Ұлттың үнжариясы Қазақ радиосының құрылғанына биыл – 100 жыл. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен республикалық радио тұңғыш рет 1921 жылы 1 қазанда Орынбор қаласынан хабар таратқан еді. Мерейтойға орай ақпарат құралының Алматы қаласындағы ғимаратында мемориалдық тақта ашылып, сол маңдағы аялдамаға «Қазақ радиосы» атауы берілді. Ғасыр бойы халықты таңмен бірге оятып, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қарашаңырақта әр жылдары Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғалар қызмет етті. Солардың дауыстары мен шырқаған әндері «Алтын қорда» сақтаулы.

Қымбат Әбілдәқызы, Қазақ радиосының ардагері:

- Бүгін жүрекжарды қуаныш. Қазақ радиосы – ұлттың үні. Кешегіміз, бүгінгіміз, ертеңіміз – Қазақ радиосы. Қазақ радиосынан біздің түріміз көрінбесе де,  жүрегіміз көрінетін.

100 жылда радионың бай мұрасы жинақталды. Жүз мыңдаған әдеби-сазды бағдарлама миллиондаған тыңдаушының көңілінен шықты. «Алтын қор» – радионың негізгі байлығы. Сол мол мұрағат сұрыпталып, цифрландырылып келеді.

Татьяна Жандильдина, «Мосты» неміс бағдарламасының жүргізушісі:

- Қазақ радиосы – бүгінде бірлік пен келісімнің бірегей ұлтаралық моделінің көшбасшысы. Біздің радио орыс және қазақ тілдеріндегі этносаралық бағдарламаларымызды Германияда, Швейцарияда, Австрияда, Қазанда, Әзербайжанда, Үрімшіде тыңдайды. Сонымен қатар бізге жылы лебіздерін де жіберіп отырады. Сондықтан біздің радио барлық жағдайда аңызға айналған деп есептеймін.

Мерейтойлық шара барысында Алматыдағы Ұлттық кітапханада радионың тарихына арналған көрме ұйымдастырылды.