Junior Eurovision-2021: Ұлттық іріктеуге өтінімдерді қабылдау басталды

«Junior Eurovision» байқауының Ұлттық іріктеуіне өтінімдерді қабылдау басталды. Ең басты шарттардың бірі – өнерін сынап көргісі келетін балалардың жасы 9 бен 14 жас аралығында болауы тиіс. Өтінімдер jevision.khabar.kz сайтында 29 қыркүйек пен 6 қазанға дейін қабылданады.

Айта кетерлік жайт, ұлттық іріктеу биыл да онлайн форматта өтеді.

Аида Тілеухан, продюсер:

- 7 қазан күні қазылар алқасы келіп түскен барлық өтінім арасынан 30 үміткерді таңдайды. Олардың тізімі 8 қазаннан 12 қазан аралығында jevision.khabar.kz сайтына шығады. Көрермендер осы 30 үміткердің арасынан Ұлттық іріктеудің финалына өтетін 10 үміткерді анықтайды. 6 қараша күні Хабар арнасының тікелей эфирінде Ұлттық іріктеуде Қазақстан атынан қатысып, ел намысын қорғайтын финалисті анықтайтын боламыз.

Биыл «Junior Eurovision» байқауының финалы Франция астанасы Парижде дәстүрлі форматта өтеді. Еуропаның ең танымал ән додасына 19 мемлекет өз өнерпаздарын аттандырмақ.

Айта кетейік, «Хабар» Агенттігі халықаралық жобаны 2016 жылдан бері қолдап келеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай