Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталады

Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталады

Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Ал қамбаға құйылған бидай сапасы соңғы бес жылдағы ең үздігі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір егін жинау жұмыстары 98% аяқталған. Дәнді дақылдар мен өсімдік майларының жалпы жиынтық көлемі шамамен 18 млн тоннаға жетеді деп жоспарлануда.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

- Астық туралы айтар болсақ, биыл егін алқабының жалпы көлемі 23 млн гектар болды, бұл өткен жылдағыдан 322 мың гектарға көп. Соңғы деректер бойынша, қазіргі таңда елімізде 15,5 млн гектардан бидай мен дәнді дақылдар жиналды. Астықтың орташа түсімі орта есеппен гектарына 9,7 центнерді құрайды. 15 млн тонна астық бастырылды, оның 11,7 млн тоннасы бидайдың қатты сұрпы. Сондай-ақ қазір көкеністер, картоп, мақта, өсімдіктектес дақылдарды жинау қарқынды жүріп жатыр. Егер күн райы жақсы болса, елдегі егін жинау науқаны келесі аптада аяқталуы тиіс.

Спикердің айтуынша, биылғы жыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін оңай болмады. Аптап ыстықтың кесірінен қиындықтар туындады. Алайда мұндай қуаңшылық тек Қазақстанда ғана емес, Канада, АҚШ, Ресей сияқты астықтың державаларында да байқалды. Шаруаларды қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржымен, техникамен, қосалқы бөлшектермен, тұқымдармен және өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етудің арқасында еліміз егін орағын дер кезінде бастай алды.

Авторы: Ақзер Сегізбай